- Тіл
- 01 Наурыз, 2018
Негізгі таңбалар дұрыс берілген
Елбасы ел тілегін ескеріп, қазақша латын әліпбиіне тағы да өзгерістер енгізді. Бұл үшінші өзгеріс. Алдыңғы екі нұсқаға қарағанда осы нұсқа көңілге қонымды. Өйткені негізгі таңбалары дұрыс жасалған. Ертеден жазу жүйеміздің бәрінде де «бір әріп – бір дыбыс» қағидасы қалыптасқаны белгілі. Біз ұсынған жобаларымыздың бәрінде дәйекшені пайдаландық. Ол әріптің кез келген жерінде тұра беретіні белгілі. Дәйекшені негізгі дриф таңбаның үстіне шығару деген ұсынысты А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының тілші-ғалымдары жасаған болатын. Апостраф дегендер қосалқы таңба ғой. Оны екі рет теруге тура келеді. Әліпби деген біріншіден тілдің дыбыс құрамын, екіншіден сөздің үндесім әуезін сақтай отырып жасалғаны жөн. Морфема да бұзылмағаны абзал. Буынға бөлу және тасымал кезінде де зиян тимеу керек. Әліпби кестеде тұрғанда оп-оңай сықылды. Ертең балалар мектепке барады, оқулық жазылады. Сол кезде мұғалім оқушыға осы әріптер жүйесін дұрыстап түсіндіре алмай шаршайды. Бала да игере алмай қиналады. Үйге келгенде ата-ана да баласына көмектесе алмай әлек болады. Әліпбидің қызығы мен шыжығы сол кезде басталады. Сондықтан қазірдің өзінде жоғарыда атап өткен кемшін тұстарын жөнге салса, бұл қазақ тілінің фонетика-морфологиялық, лексика-грамматикалық заңдылығына сай боп шыға келеді. Біз бүгінгі таңда әліпбидің тұрақты нұсқасына әлі де тоқтай алмай жатырмыз. Ар жағында емле, ереже дайындау керек. Содан кейін барып кірісеміз. Мерзіміне байланысты пәлен-түген деп айту қиын. Жалпы компьютердің алдындағы латын негізді пернетақтаға негізделген әліпбидің қандай түрі болса да оның жақсысы болмайды. Алғашқы екі нұсқаның жарамай қалғаны сондықтан. Енді халыққа жаңа нұсқа ұсынылды. Алдағы уақытта баспасөз конференциялары, дөңгелек үстелдер, семинарлар ұйымдастырылады. Негізгі жұмыстың бәрі енді басталады.
71404 рет
көрсетілді14165
пікір